Соңғы жылдары «түскі асқа үйіне келіп, мазам болмай тұр» деп, санаулы секундтарда өмірмен қош айтысып кетіп жатқандар немесе түнде ұйқыға жатып, таңертең оянбағандар көбейіп кетті. Және, бір қызығы солардың барлығы дерлік бұрын белгілі бір аурумен тіркеуде тұрмақ түгілі, ешқашан дәрі ішіп те көрмегендер болып шығады. Ендеше, «сап-сау» адамдар неге аяқ астынан арғы дүниелік боп жатыр? «Ее, ажалы жеткен де…» дейміз де қоямыз біз. Ал, шын мәнінде оның медицинада өз атауы бар – инсульт.
Арнайы инсульт орталығы бар
Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Клиника-диагностикалық орталығы мамандары бұл ауру жыл сайын «жасарып» барады деп дабыл қағуда. Бұрындары инсультке жасы 70-80-нен асқан адамдар ғана шалдықса, қазір қырықтың қырқасына жаңа шыққандар жиі ұшырайды дейді клиника-диагностикалық орталықтың Бас дәрігері Сандуғаш Абдуллақызы.
Сол үшін осы клиника-диагностикалық орталығының ішінен арнайы Аймақтық инсульт орталығын да ашқан. Бір мезетте 30 науқасты жатқызып емдеу мүмкіндігіне ие бұл орталық іштей тағы екіге бөлінеді: бірі — Ерте оңалту бөлімі, /24 орындық/ екіншісі – Қарқынды ем көрсету бөлімі /6 орындық/.
Ерте оңалту бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-невропатолог Әйгерім Айтбайқызының берген мәліметіне сүйенсек, былтыр 2017 жылы осы орталыққа 388 ишемиялық, 152 геморрагиялық инсульт алған адамдар түскен. Ал, биыл жарты жылдың өзінде инсульт алғандар саны 376-ны құраған. Оларға орталықта бас сүйек трепанациясын жасау, яғни, мидағы ұйыған қанды алып тастау операциясы арқылы және нейрореанимация жағдайында тромболитикалық терапия арқылы ем-шара жүргізілген. Солардың 95 пайызы емделіп, шыққан.
80% мүгедек боп қалса, 25% тек күтіммен жүреді…
Инсульттің екі түрі бар. Ең жиі кездесетін түрі – ми қантамырына ұйыған қан тромб тұрып, бітеліп қалуына байланысты болатын ишемиялық инсульт. Екіншісі – геморрагиялық инсульт – қан тамыры жарылып, миға қан құйылғанда болатын түрі. Инсульт алған адамдардың 80% жуығы мүгедектікке ұшыраса, соның ішінде 25% жуығы қалған өмірін тек күтіммен өткізуге мәжбүр.
Инсульттің себептері:
Жоғары артериалдық қысым.
Қан қысымының 140/90 мм.сын.бағ. жоғары болуы. Ескеретін жайт, егер адамда бұрыннан созылмалы қант диабеті немесе бүйректің созылмалы ауруы болса, 130/80 мм.сын.бағ. және одан асатын деңгей жоғары саналады.
Темекі шегу қантамырларын зақымдауға және артериалдық қысымды арттыруға қабілетті. Темекі шегу нәтижесінде оттегінің қажетті көлемін организмнің барлық тіндеріне жеткізу төмендейді.
Диабет — организмнің инсулинді сіңіруінің бұзылуы немесе жеткіліксіз өндірілуінің салдарынан қандағы қанттың жоғары деңгейімен сипатталатын ауру. Инсулин – қантты организмнің жасушаларына жеткізуді қамтамасыз ететін гормон, жасушаларда энергия алу үшін қолданылады.
Жүрек аурулары ишемиялық ауруы (коронарлық артериялардың ауруы), кардиомиопатия, жүректің жеткіліксіздігі және жүрекшенің фибрилляциясы да тромбының түзілуіне ықпал етеді, тромбылар инсультке апаруы мүмкін.
Бір-бірімізге бейжай қарамайық!..
Инсульттің белгілері:
Беттің, қол-аяқтың кенеттен жансызданып, ұйып қалуы немесе әлсіздігі
Кенеттен тежелу, яғни, тіл күрмеліп сөйлей алмай қалу немесе екі көздің бірден бұлдырап көрмей қалуы;
Сап-сау жүріп, кенет отырған орыннан тұра алмай қалу;
Бас айналуы, тепе-теңдікті немесе қимыл үйлесімін жоғалту
Кенеттен себепсіз күшті бас ауырсынуы
Сырт көзге инсульт алған адам мас сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан инсульт екенін мына үш тапсырманы орындатып көру керек:
- Күлдіріп көру керек: инсульт болса, күлген кезде бет-әлпетінің қисайғаны білінеді;
- Қолдарын көтерту: егер ауырып тұрса бір қолын толыққанды көтере алмауы мүмкін;
- Өз есімін айттыру: тілі икемге келмеуі мүмкін.
Егер осы симптомдардың бірін өзіңіз не басқа біреуден байқасаңыз, бірден Жедел жәрдем шақыру қажет. Өйткені шұғыл емдеген жағдайда тромбты тез еріту арқылы немесе қан кетуін тоқтату арқылы науқас өмірін арашалап қалуға және инсульттің нәтижесі – мүгедек боп қалудың алдын алуға болады.