Тəжірибе алмасу мақсатында келген дәрігерлермен пресс-конференция өтті
Бүгін, Алатау медиа орталығында Өкілеттік кеңестің қолдауымен, Түркия Республикасынан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығына тəжірибе алмасу мақсатында келген дәрігерлермен пресс-конференция өтті.
Мәжілісте Өкілеттік кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркі жастарының ортақ шаңырағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін қолдау мақсатында Өкілеттік кеңес тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстарға тоқталып өтті. Соның бірі университеттің клиника-диагностикалық орталығын дамыту, екі елдің мамандарының тәжірибе алмасуы жайлы сөз қозғады.
Жақында клиника-диагностикалық орталыққа тәжірибе алмасу мақсатында профессор, доктор, (ЛОР дәрігер) Харун Жансыз, профессор, доктор, (педиатр-дәрігер) Мехмед Явуз Жошкун, профессор, доктор, (генетик-дәрігер) Мустафа Солак, профессор, доктор Саит Билгич арнайы келген болатын. Бүгінгі пресс-конференцияда түркиялық ғалымдар ой-пікірлерімен бөлісті.
Дəрігерлер Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностикалық орталығына тіркелген туа біткен даму ақаулары бар (церебралды сал ауруы, дауна синдромы, аутизм, тірек-қимыл жүйесі, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған) балаларды дәрігерлік тексерістен өткізіп, ата-аналарға кәсіби кеңестерін берді. Жалпы 40-нан астам бала жоғары деңгейлі мамандардың қабылдауында болды. Сонымен қатар түркиялық дәрігерлер мен клиника дәрігерлері бірлесе отырып 37 науқасқа отоларингология оталарын жасады.
Өкілеттік кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек пен дәрігерлер журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Түркиялық дәрігерлерге университет басшылығы алғыс білдіре отырып, сый-сияпат жасады.