Нефрологиялық көмек көрсету туралы семинар өтті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Клиника-диагностикалық орталығында «Қазақстан Республикасының халқына нефрологиялық көмек көрсету стандартын таныстыру және талқылау» атты семинар өтті. Семинарды Нұр-Сұлтан қаласынан келген медицина ғылымдарының докторы, «Астана медицина университеті» КЕАҚ «Қоғамдық денсаулық» кафедрасының профессоры, ҚР ПІБ БМО дәрігер-нефролог, тәуелсіз аккредиттелген сарапшы, ҚР ДСМ нефрологиялық қызметті дамыту жөніндегі Жол картасының ұлттық үйлестірушісі Нарманова Орынгул Жаксыбайқызы өткізді. Семинардың мақсаты — эпидемиология, патогенез, диагностика, жіктеу, қауіп-қатерлерді бағалау, бүйректің созылмалы дисфункциясы бар науқастарды жүргізу принциптері саласындағы түрлі мамандықтағы дәрігерлердің білімін жаңарту және жүйелеу.
Семинар барысында, Орынгул Жаксыбайқызы КДО бөлімдерінің меңгерушілері мен медицина қызметкерлері арасында бүйрек патологиясы бар пациенттерді диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері туралы талқылап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халқына нефрологиялық көмек көрсету стандартымен толығырақ таныстырды.
Орынгул Жаксыбайқызының айтуы бойынша, семинарды өткізудің өзектілігі бүйрек функциясының бұзылуының терминалдық сатысы бар, жасанды бүйрек аппаратымен алмастыру терапиясын өмір бойы алуға мәжбүр болған пациенттердің ұдайы өсуімен байланысты болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүкіл әлемде гемодиализдік ем қабылдайтын науқастар өсімі 8-12%, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 20-25% құрап отыр.
Осыған байланысты, гемодиализдегі науқастар санының арту мәселесі туындап тұр. Бұл процесті тұрақтандыру үшін артериялық гипертензиямен және қант диабетімен ауыратын науқастармен байланыста болатын ЖТД және БМСК дәрігерлері арасында профилактикалық жұмыс жүргізу қажет. Сондай-ақ, бүйректің созылмалы ауруларын ерте диагностикалау және олардың өршуінің алдын алу үшін барлық мамандықтағы дәрігерлерді оқыту қажет.
Бүкіл Қазақстанда БСМК, стационар, гемодилиздік орталықтар мен параклиникалық бөлімдерді байланыстыратын медициналық ақпараттық жүйелер арасында интеграцияның жоқтығы өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Осыған орай, бүйректің созылмалы ауруларын ерте анықтау және одан әрі өршуінің алдын алу мақсатында ақпараттық жүйелерді оңтайландыру жұмыстарын ғылыми-зерттеу жұмыстарын және жоспарланған докторлық диссертацияларды орындау аясында пилоттық жоба ретінде аталған мекемеде іске қосу мәселесін А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Медицина» факультетінің деканы Ықылас Сүйіндікұлы Молдалиев, КДО бас дәрігері Сандуғаш Абдуллақызы Рустемова және дәрігер нефролог Нарманова Орынгүл Жақсыбайқызы бірлесе талқылады.
Сонымен қатар, Орынгүл Жақсыбайқызы КДО гемодиализ бөлімінің пациенттерін тыңдап, бүйректі трансплантациялауға бағыттаудың қағидаларын, сондай-ақ көрсетілім мен қарсы көрсетілімдерді түсіндірді. Сапалы гемодиализдік көмек мәселелерін талқылады. Науқастар өздері алатын емге ризашылықтарын білдірді.