КДО-да «Донор күні» өтті
Денсаулық сақтау департаментінің тапсырмасымен, Шымкент қалалық қан орталығы Түркістан филиалының кестесіне сәйкес ХҚТУ клиникалық-диагностикалық орталығында кезекті донор күні аталып өтті. Шараның мақсаты – адамдардың назарын осы гумандық іске аудару болып табылады.
19 наурыз қан кабинетінде, донорлық қанға мұқтаж науқастарға көмек көрсету үшін клиника қызметкерлері, ХҚТУ медицина факультетінің студенттері қан тапсырды.
Алдымен донорлар тіркелу кезеңінен өтті.
Қан қысымын анықтау – донордың өткен тағы бір рәсімі. Жоғары және төмен қысымды адамға қан тапсыруға болмайды.
Әрбір донордан гемоглобин мен қан тобын анықтау үшін қан алынды. Төмен гемоглобинді донордан қан қабылданбайды.
Дәрігерлер жиі донорлық қан тапшылығына байланысты проблемаларға тап болады. Шұғыл донорлық қан қажет болған жағдайда науқасқа дәл осы медицина қызметкерлері жақын болады. Донорлық қандар облыстағы сұраныс бойынша, түрлі гемолитикалық аурумен сырқат балаларға, әйелдерге және жол апатынан зардап шеккендерге құйылады.