Қыркүйектің 29-ы – Дүниежүзілік жүрек күні. Осыған орай, 20 қыркүйек күні Түркістан қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында Түркістан қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Менің жүрегім – сенің жүрегің» атты іс-шара болып өтті.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығының және Түркістан қалалық емханасының дәрігер-кардиолог және терапевт мамандары қала тұрғындарының және Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің қан қысымын, бойлары мен салмақтарын өлшеп, ЭКГ аппаратына түсірді. Мұндағы мақсат – жүрек ауру және т.б адам өміріне қауіп төндіретін науқастардың алдын алу. Себебі жыл сайын дүние жүзінде жүрек-қан тамырлы ауруларының кесірінен 17 миллионға жуық адам көз жұмады екен. Оның 50%-ға жуығы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстанда бұл науқастың салдарынан болатын өлім көрсеткіші Еуропа елдеріне қарағанда 2 есеге артқан.
Мәселен, Еуропаның дамыған елдерінде 100 мың халыққа шаққандағы есеп бойынша 448 адамнан келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 867,9 адамды құрайды екен. Ал Германия, Ұлыбритания секілді елдерде кардиологиялық қызметке баса мән берудің арқасында соңғы уақыттары жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткіші төмендеп отыр. Және ең бір алаңдарлық жайт — жүрегі ауыратын науқастардың жасарып бара жатқандығы. Бұрындары
жүрек дертіне шалдығатындар көбіне 45 жастан асқандар болса, қазір отыздың о жақ бұ жағындағы жастар бірден инфаркт алып, тіпті кейбірі ауруханаға жетпей көз жұматын жағдайлар жиілеп кеткен. Сондықтан жүрек ауруының алдын алу үшін жылына кем дегенде бір рет медициналық тексеруден өтіп, дер кезінде ем қабылдап Сондықтан жүрек ауруының алдын алу үшін жылына кем дегенде бір рет медициналық тексеруден өтіп, дер кезінде ем қабылдап тұру қажет. «Менің жүрегім – сенің жүрегің» атты шараның мақсаты да тұрғындардың есіне осыны салып қою болатын.