Қыркүйектің 14-15 күндері Шымкент қаласында бірінші Ортаазиялық Паркинсон ауруы жəне қозғалыстың бұзылулары бойынша конференция өтті. Аты айтып тұрғандай, Орта Азияда алғашқы рет өткізіліп отырған бұл жиынға әлемнің түрлі елдерінен білікті дәрігерлер келді.
Атап айтқанда, Испанияның Барселона Биомедициналық зерттеулер институтының Паркинсон ауруын зерттеу бағдарламасының директоры, неврология профессоры Эдуардо Толосо және Ұлыбритания College London неврология институтының неврология жəне нейрогенетика саласының профессоры Генри Голден, Түркияның Памуккале университеті, нейрохирургия департаментінің жетекшісі, нейрохирургия профессоры Ферудин Ажар және Түркияның Anadolu Hospital медицина орталығының нейрохирургия доценті, Селжұқ Гөчтем бастаған неврология және нейрохирургия саласының нағыз мамандары
конференцияда өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері жайлы баяндады.
Ал, Түркістан облысының бас неврологы Назира Жарқынбекова бұл жиында облыста молекула, генетикалық зертхана құруға дайындық жүріп жатқанын айтып, алдағы уақытта онда кеселді уақытында анықтауға мүмкіндік болатынын айтты.
Қазақстанға, оның ішінде оңтүстік өңірге тұңғыш рет аяқ басқан қадірлі қонақтар конференция бағдарламасынан тыс таяуда ғана облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанға ат басын бұрды. Оларды Қожа Ахмет Ясауи университеті және Ахмет Ясауи клиникасы басшылығы қарсы алып, қадірлі қонақтарға университет қалашығы мен Ясауи музейін аралатып, қонақжайлық танытты.