Белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері — Болат Әшірбаев А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Клиника-диагностикалық орталығына ойламаған жерден тап болған.
Көпшілікке Н.Нүсіпжановтың орындауындағы «Мырзакөл вальсі», /сөзі Рүстем Кенешов/, Тоқтар Серіктің орындауындағы «Тарбағатай таулары» /сөзі Сырбай Мәуленов/, Қайрат Нұртастың «Әдемісің қарындас» секілді 30-ға жуық әндерімен танымал автор Алматыдан Түркістан қаласында тұратын досы Төлеген Жүзгенбаевтың тойына келеді. Той бітуге таяп қалған кезде кенет ағамыз өзін жайсыз сезініп, басы айнала бастағанын айтады. Міне қызық, сап-сау жүрген адам орнынан тұрайын десе, бір аяқ, бір қолы істемейді. Ал, айнаға қараса, беті бір жағына қарай қисайып қалыпты. Тілі де күрмеліп, әйтеуір «Жедел жәрдем» шақырыңдар» дегенді әрең білдіреді. Себебі мұның бәрі инсульттің белгілері екенін естігені бар-тын. Жедел жәрдем келіп, осы Түркістан қаласындағы А.Ясауи клинкасына алып кетіп бірден Жан сақтау бөліміне жатқызады. Сол жерде өте шұғыл әрі дұрыс ем-шара қолданғанның арқасында келесі күні-ақ науқастың беті бері қарайды. Бірақ ол жақта дәрігерлер композиторды «жазылдыңыз» деп бірден шығарып жібермей, бірнеше күн ауруханаға жатқызып, емдейді. Осы тұста Болат Әшірбаев ағамыз өзін ажал аузынан алып қалған аурухананың Бас дәрігері Сандуғаш Абдуллақызынан бастап, Гемодиализ бөлімінің қызметкері, дәрігер анестезиолог-реаниматолог Азат Кеналиевке, Инсульт орталығы, Ерте оңалту бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Айтбайқызына, массажист Эльвира Байбатыроваға медбикелер Жанат Әбдуәлі, Алтынай Тұрсынқұлова, Жібек Қалбекова, Қарлығаш Қожахметова, Ұлбосын Құрманбековаларға, мейірағалар Нұрсұлтан Әбибуллаға мен Марат Оғылайға екі дүниеде қарыздар екенін айтып, шын жүректен алғыс білдіреді.
Ағамыздың алғыс білдірер жөні бар, себебі инсульт — шұғыл шара қолданбаса, адам өмірін алып кететін қауіпті ауру. Себебі ол миға бір сәт қан келмей тоқтап қалуынан болады. Сол бір сәттің өзі ми жасушаларынің тіршілігін жоюға жеткілікті екен. Осындай жедел, көз ілеспес шапшаңдықпен келетіндіктен, бұл ауру бүгінде өлім-жітімге әкелетін екінші, ал мүгедектікке әкеп соғатын себептердің арасында бірінші орында тұрса керек.